Abstract
<jats:p xml:lang="kk">Бұл мақалада қазақ кинодискурсындағы прецедентті есімдердің мәдени-танымдық репрезентациясы қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі кино мәтінінің ұлттық мәдени кодты, тарихи жадты және ұжымдық сананы танытатын маңызды тілдік-мәдени кеңістік болуымен айқындалады. Мақаланың мақсаты – қазақ фильмдерінде қолданылатын прецедентті есімдердің мазмұнын, қызметін және ұлттық дүниетанымды репрезентациялаудағы рөлін анықтау. Зерттеу материалы ретінде қазақ фильмдеріндегі диалогтер, монологтер және кейіпкер сөздері алынды. Талдау барысында сипаттамалы, контекстуалдық, прагматикалық, лингвомәдени және концептуалдық әдістер қолданылды. Нәтижесінде прецедентті есімдердің тарихи тұлғалар, әдеби кейіпкерлер, фольклорлық образдар, діни-танымдық атаулар және ұлттық мәдениетке белгілі антропонимдер арқылы көрініс табатыны анықталды. Олардың кино мәтінінде тура атау, ишара, салыстыру, символ және бағалауыштық құрал ретінде жұмсалатыны сараланды. Сонымен бірге мұндай бірліктердің кейіпкердің мінезін, дүниетанымын, әлеуметтік ұстанымын және көркем мәтіндегі астарлы мағынаны ашуда айрықша қызмет атқаратыны байқалды. Бұл ретте олардың көрермен санасында ассоциация тудырып, мәдени ақпаратты ықшам түрде жеткізу мүмкіндігі де айқындалды. Зерттеу қорытындысы прецедентті есімдердің қазақ кинодискурсындағы маңызды семиотикалық және прагматикалық бірлік екенін көрсетеді.</jats:p>