Abstract
<jats:p>Бұл мақалада қазақ фольклорындағы сыншылық өнердің табиғаты, мазмұны және қоғамдық-мәдени маңызы қарастырылады. Сыншылық – қазақ халқының көшпелі өмір салтымен, мал шаруашылығы мен аңшылық мәдениетімен тығыз байланыста қалыптасқан халықтық танымның ерекше әрі күрделі түрі екені, халықтың тұрмыс-тіршілігі сыншылық өнердің қалыптасуына негіз болғанын көрсетеді. Қазақ қоғамында сыншылар адамды, жүйрік атты, қыран құсты немесе басқа да құбылыстарды сыртқы белгілеріне қарап танып, олардың болмысын дәл бағалап, болашағына болжам жасай алатын зерделі, көреген адамдар ретінде танылған. Зерттеудің мақсаты – фольклорлық мәтіндердегі сыншылық дәстүрдің мазмұнын талдау және оның халық дүниетанымындағы орнын айқындау. Зерттеу барысында сипаттамалық, салыстырмалы-тарихи, жүйелеу, интерпретациялық және мәдени-танымдық әдістер қолданылды. Материал ретінде аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер, тарихи деректер сұрыпталып пайдаланылды. Негізінен бұрын отандық фольклортану ғылымында қарастырылмаған мәтіндерді зерттеу нысанына айналдыруды мақсат еттік. Зерттеу нәтижесінде сыншылық өнердің тек атбегілік пен құсбегілік тәжірибесімен ғана шектелмей, адамның мінез-құлқын, болмысын, ақыл-парасатын және қоғамдағы орнын бағалауға бағытталған әлеуметтік-тәрбиелік қызмет атқарғаны анықталды. Фольклорлық деректерде Толыбай, Жалайыр Шора, Төлебай, Дүйсенбі, Қалқабай, Бұғыбай сияқты сыншылардың тұлғасы халық даналығы мен көрегендігінің үлгісі ретінде көрінеді. Сонымен қатар сыншылық сөздердің құрылымы мен мазмұны жағынан шешендік сөздер мен арнау өлеңдерге жақындығы байқалып, олардың халықтың моральдық-этикалық құндылықтарын қалыптастырудағы рөлі айқындалады. Қорытындысында сыншылық өнер қазақтың рухани мәдениетінде маңызды орын алатын, өмір құбылыстарын терең танып-білуге негізделген интеллектуалдық әрі мәдени феномен екені дәлелденеді.</jats:p>