Abstract
<jats:p>Мақалада ортадан тепкіш сорғы агрегаттарының дірілдік параметрлерін талдау негізінде жабдықтың техникалық күйін бағалау нәтижелері қарастырылған. Осы зерттеу шеңберінде ортадан тепкіш сорғы агрегаттарының діріл параметрлері бойынша диагностикалық ақпаратты іріктеу пайдаланылды. Өндірістік жағдайда ортадан тепкіш сорғыларға дірілдік диагностика жүргізу әдістемесі сипатталған. Сорғы агрегаттарының техникалық күйін зерттеу үшін электрқозғалтқышының мойынтіректері мен сорғы дөңгелегінің жетек біліктері таңдалған. Сонымен қатар диагностика жүргізуге арналған анализаторды пайдалану, діріл датчиктерін орналастыру реті баяндалған. Діріл анализаторының көмегімен айналмалы машиналар мен механикалық құрылымдардың діріл параметрлерін олардың техникалық күйін диагностикалау мақсатында талдау функцияларын орындайды. Жұмыс істеп тұрған ортадан тепкіш сорғылардың мойынтірек тораптарының діріл жылдамдығының спектрлері анализатордың көмегімен тіркеліп діріл сигналдарын өңдеу үшін сигналдың жиілік құрамын анықтауға мүмкіндік беретін тікелей спектр (автоспектр) және діріл сигналының конверттік спектрі әдістері қолданылды. Автоспектр графиктеріндегі діріл сигналының гармоникалық компоненттері ақаулардың болуын көрсетеді және сорғы жабдықтарын жүйелі бақылауды қажет етеді. Жүргізілген зерттеулер ортадан тепкіш сорғы агрегаттарының техникалық күйін бағалау мен болжаудың бірыңғай диагностикалық критерийін құруды қамтамасыз ететін діріл параметрлері бойынша бағалаудың негізгі диагностикалық белгілерін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Кілтті сөздер: ортадан тепкіш сорғы, діріл диагностикасы, діріл анализаторы, сорғы қондырғыларын бақылау, деректерді визуализациялау, автоспектр, спектрлік талдау.</jats:p>