Abstract
<jats:p>Қазақ пен ноғай – тарихи тегі бір, туыстас халықтар, сондықтан тілдері де өзара жақын. Екі этностың этногенездік, тарихи-мәдени сабақтастығы олардың тілдік жүйесіндегі ортақ қабаттардың сақталуына негіз болды. Көшпелі дәстүрі мен шаруашылығы ауа райының ыңғайына қарай үнемі орын ауыстырып отыруға бейімделгендіктен, қоршаған ортаны тану мен табиғаттың сырларын меңгеруге мол мүмкіндік тудырды. Дала кеңістігін, жер бедерін, су көздерін, өсімдік жамылғысын дәл сипаттау өмір сүрудің маңызды шартына айналды. Табиғи нысандарды ортақ белгілеріне қарай жалпы атаулармен атады, ал бұл атаулар халықтық географиялық терминдердің мол қоры мен лингво-географиялық жүйесін қалыптастырды. Осындай атаулар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, халық жадында сақталып, тілдік дәстүр арқылы тұрақтанды, жүйеленіп, қолданыс аясын кеңейтті. Халықтық терминдер, біріншіден, географиялық танымның, екіншіден, дүниенің тілдік бейнесі мен табиғат туралы аялық білімнің айғағы. Олар белгілі бір аймақтың табиғи-ландшафтық ерекшеліктерін бейнелей отырып, халықтың дүниетанымы мен тәжірибесін танытады. Мақала қазақ, ноғай тілдеріндегі халықтық географиялық терминдердің қалыптасу жағдайлары мен лингвистикалық табиғатын талдауға арналған. Сонымен қатар зерттеуде тарихи-салыстырмалы, сипаттамалы, этимологиялық әдістер қолданылып, тілдік деректер жүйелі түрде қарастырылды, ғылыми тұрғыдан сарапталды. Қоршаған ортаны тану әрбір нысанның түрін анықтап, оған лайықты атау беру арқылы жүзеге асады. Бұл атаулар тілде сақталғанмен, олардың жасалу жолдары, түпкі мағынасы, шығу уәждері белгісіз. Сондықтан кейбір көмескі халықтық терминдерге этимологиялық зерттеулер жүргізілді. Талдаулар барысында түпкі негіздері ортақ «қурай, құрғақ, құрлық; күдір, күп, көбе (жер көбесі), көбек» секілді сөздердің шығу тегі ортақ екені туралы болжамдар жасалды. Мағыналары ұқсас, дыбыстық тұлғалары жақын сөздерді өзара салыстырғанда түпкі негізі «қу, құ, кү, кө» нұсқаларына барып тіреледі, олар бүгінде өлі түбірлерге айналған. Сөздің морфологиялық құрылысынан шығу тегімен қатар мағыналық даму эволюциясы да көрініс береді, семантикалық өріс аясында кеңейе түседі. Зерттеу барысында мына мәселелер анықталды: терминдердің морфологиялық құрылымы түбір, туынды, біріккен сөздерден құралған, екі тілдегі нұсқалары бірдей тәсілмен жасалған, шығу уәждері мен лексика-семантикалық жүйесі ортақ. Бұл деректер қазақ пен ноғай тілдерінің тарихи негізі мен тілдік бірегейлігін, сондай-ақ халықтық географиялық терминдердің көне қабатын айқындайды, олардың сабақтастығын нақты дәлелдейді.</jats:p>