Deprecated: Function curl_close() is deprecated since 8.5, as it has no effect since PHP 8.0 in /home/u483256323/domains/poorvam.com/public_html/subdomains/pore/includes/api.php on line 184
Abstract
<jats:p>Мақалада түркі дүниесінің ұлы перзенті Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың (ХV-ХVІ ғғ.) «Бабырнама» тарихи шығармасының тілі негізінде түркі қоғамындағы әйелдің орны сараланады. Мұхаммед Бабыр Орталық Азия түркілерінің іштей ыдырауына сәйкес жаңа мемлекеттік құрылымдардың қалыптасу үдерістері қарқынды жүріп жатқан күрделі кезеңде өмір сүрді. Қоғамдағы күрделі мәдени-әлеуметтік үдерістердің арнасын туған халқының мүддесіне қарай бейімдеу ерекше ақыл-ой иелерінің шығармашылығы мен іс-әрекеті арқылы жүзеге асады. Кемел тұлға әрдайым өз заманының, өз халқының проблемасын терең түсінеді, тұлғалық сапасы неғұрлым жоғары болған сайын оның рухани-моральдық жауапкершілігі де жоғарылай беретіні белгілі. Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың шығармашылығы дәстүрлі мәдениетті өзге мәдениеттердің ықпалынан сақтауға, түркілік дүниетанымды насихаттауға, түркілердің тарихи шежіресін келер ұрпаққа жеткізуге бағытталады. Түркітануда қалыптасқан дәстүр бойынша «Бабырнама» қарлұқтық тілдік белгілері сипаттайтын классикалық (ескі) өзбек тілінің үлгісі ретінде қарастырылатыны белгілі. Түркі тіл біліміндегі мұндай бір жақты көзқарасты «Бабырнама» ескертішінің мазмұны мен Орталық Азияны мекендейтін түркі халықтарының тарихы, жазба мұраның тілдік ерекшеліктері теріске шығарады. «Бабырнама» ескерткішінің тілі – оғыз-қарлұқ-қыпшақ аралас тілдік жүйені сақтаған Орталық Азия түркілерінің бәріне ортақ жазба тіл. «Бабырнама» мәтініндегі хан-сұлтандардың аналары мен әйелдері, әпке-қарындастары мен қыздары туралы деректерді саралау – түркітану ғылымында әлі зерттеу нысанына алынбаған мәселе. Бұл көне түркілер дүниетанымынан бастау алатын «әйелге құрмет» идеясын сипаттайтын тілдік бірліктерді тарихи-лингвистикалық тұрғыдан саралаудың түркі тіл біліміндегі өзектілігін сипаттайды. Зерттеудің мақсаты – «Бабырнама» мәтініндегі әйел бейнесін сипаттайтын синтаксистік, мәнмәтіндік деңгейдегі тілдік репрезентацияның этномәдени мазмұнын ашу арқылы түркі әйелінің қоғамдағы орнын анықтап, «әйелге құрмет» идеясын жалпытүркілік рухани-мәдени құндылық ретінде дәйектеу. Нәтижесінде, XVI ғасырдағы түркі әйелдерінің үлкен құрметке ие қоғамның толыққанды мүшесі болғаны; отбасындағы, бала тәрбиесіндегі әйелдің орны жоғары бағаланғаны; белгілі бір дәрежеде саяси-дипломатиялық істерге араласқаны анықталып, тілдік деректер негізінде дәйектелді. «Бабырнама» ескерткіш тілінде хан әулеті әйелдерінің өздігінен ажырасу құқығы болғаны туралы деректердің сақталуы Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр заманындағы гендерлік теңдіктің айқын дәлелі бола алады. «Бабырнама» ескерткішінде әулеттегі әйелдер туралы барлық мәліметтердің – шежірелік тегі, бастан кешкен оқиғалары, қыздардың кімге ұзатылғаны және қанша ұл-қызы болғаны толық жазылуы тек Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың ғана емес, тұтас қоғамның әйелдерге деген көзқарасын айқындайды. Көнетүркілік Ұмай-ана культінен бастау алатын әйелге құрмет жалпытүркілік дүниетанымды сипаттайтын рухани-мәдени құндылық тұрғысынан қарастырылды.</jats:p>