Deprecated: Function curl_close() is deprecated since 8.5, as it has no effect since PHP 8.0 in /home/u483256323/domains/poorvam.com/public_html/subdomains/pore/includes/api.php on line 184
Abstract
<jats:p>Мақалада Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Биология мамандығы студенттеріне арналған Minor қосымша білім беру бағдарламасы аясында кәсіпкерлік дағдыларды дамыту тәжірибесі ғылыми тұрғыда сараланды. Зерттеу жұмысы бірнеше кезеңнен тұрып, ең алдымен студенттердің кәсіпкерлікке деген қызығушылығы, білім деңгейі, өзіндік сенімі мен практикалық қабілеттерін анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелері сандық әдістер арқылы SPSS статистикалық бағдарламасында өңделіп, деректердің ішкі бірізділігі мен сенімділігі Кронбах Альфа коэффициенті арқылы тексерілді. Бұл нәтижелер студенттердің кәсіпкерлікке жоғары қызығушылық танытатынын, теориялық білімнің қалыптасқанын, алайда практикалық дағдылардың жеткіліксіз екенін көрсетті. Осы алынған деректер негізінде студенттердің практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған арнайы жоба – «Табиғи гербарий өнімдерін жасау және оларды нарыққа шығару» әзірленіп, оқу үрдісіне енгізілді. Жоба студенттердің кәсіби білімін нақты кәсіпкерлік ортада жүзеге асыруына мүмкіндік беріп, бизнес идеяны қалыптастыру, өнім дайындау, маркетинг стратегиясын жасау және сатылымды ұйымдастыру сияқты кәсіпкерлік қызметтің негізгі кезеңдерін қамтыды. Бұл үдеріс студенттерге жаратылыстану ғылымындағы теориялық білімдерін іс жүзінде қолдану арқылы нақты экономикалық нәтижелерге қол жеткізуге жол ашты. Жоба барысында студенттер гербарий жасауға арналған өсімдіктерді өздері жинап, кептіріп, өңдеп, арнайы форматта эстетикалық және ғылыми талаптарға сай өнімдер әзірледі. Жоба шеңберінде алынған табыстың мөлшері, бастапқы шығындар мен әлеуетті пайда көлемі де есептеліп, студенттердің бизнес жүргізу дағдылары қалыптасты. Мақалада Minor бағдарламасының пәнаралық мазмұны мен икемді білім траекториясы студенттердің кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға, кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға және еңбек нарығына бейімделуіне ықпал ететіні дәлелденеді. Гербарий жобасы студенттердің биологиялық, экологиялық, шығармашылық және кәсіпкерлік құзыреттерін бір мезгілде дамытуға ықпал еткен практикалық оқыту үлгісі ретінде ұсынылады. Сонымен қатар, бұл жоба экологиялық мәдениетті насихаттауға, отандық өнімдерді дамытуға және ғылыми идеяларды коммерцияландырудың нақты тетіктерін меңгеруге мүмкіндік беретін үлгілік бастама ретінде бағаланады.</jats:p>