Abstract
<jats:p>Мақалада жаһандық сауда жүйесіндегі өзгерістер жағдайында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тауар айналымының екіжақты тұрақтылығы талданады. Зерттеудің өзектілігі Қытаймен сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың күшеюі тек сыртқы сауда көлемдерінің өсуімен ғана шектелмей, сонымен қатар олардың құрылымдық сипаттарының өзгеруімен қатар жүретінімен айқындалады. Аталған үрдістер сыртқы сауда теңгерімсіздігінің артуына және ұлттық экономика үшін қосымша экономикалық тәуекелдердің қалыптасуына ықпал етеді. Зерттеу барысында сандық және сапалық талдау әдістері кешенді түрде қолданылды. Эмпирикалық база ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының ресми деректері, UN Comtrade халықаралық дерекқорының 2019–2025 жылдардағы мәліметтері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың аналитикалық материалдары пайдаланылды. Сандық талдау тауар айналымының динамикасын, экспорт пен импорт құрылымын, сауда балансының жағдайын, импортты экспортпен жабу коэффициентін және импорттың шоғырлану индексін бағалауға бағытталды. Сапалық талдау анықталған құрылымдық сәйкессіздіктер мен олармен байланысты экономикалық тәуекелдерді түсіндіру үшін қолданылды. Зерттеудің негізгі гипотезасы қарастырылып отырған кезеңде тауар айналымының ұлғаюы импортқа тәуелділіктің артуымен және сыртқы сауда ағындарының шоғырлануына байланысты тәуекелдердің күшеюімен қатар жүретініне негізделеді. Алынған нәтижелер бұл гипотезаны растап, 2023 жылдан бастап теріс сауда сальдосының қалыптасуын және импорттың шоғырлану деңгейінің тұрақты өсу үрдісін көрсетеді. Зерттеу нәтижелерінің практикалық маңызы оларды сыртқы сауданың орнықтылығын бағалау, сыртқы экономикалық тәуекелдерді мониторингтеу, сондай-ақ импортты әртараптандыру және сауда-өнеркәсіптік саясатты түзету жөніндегі шешімдерді негіздеу барысында пайдалану мүмкіндігімен айқындалады.</jats:p>